Астана қаласында пробацияда тұрған жастарды қолдау мен қайта әлеуметтендіруге бағытталған ReStart әлеуметтік жобасының жыл сайынғы қорытынды брифингі өтті. Іс-шараға Пробация қызметінің өкілдері, Астана қаласы ПД Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі, «Әкелер ісі» қоғамдық қоры, «Шарапат», «Жансая», «Қамқор», «Жанұя» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, «Демеу» ресоциализация орталығы және жобаның мамандары қатысты.
Жастармен жеке жұмыс жүргізудің қажеттілігі
Астана қаласы пробация қызметтерін үйлестіру бөлімінің бастығы, әділет майоры Ақжол Шардарбеков, пробацияда тұрған жастармен жұмыста икемді және жеке бағытталған тәсілдің маңызына тоқталды.
«Біз азаматты оқуға немесе жұмысқа күштеп жібере алмаймыз. Басты міндет – оның қызығушылығын ояту. Ол үшін әрбір қатысушының нақты қажеттілігін анықтап, соған бағытталған жеке жұмыс жүргізу қажет. Дәл осындай дербестендірілген тәсіл рецидив пен қайта құқық бұзушылықты азайтуға мүмкіндік береді», — деді Шардарбеков.
Оның сөзінше, ReStart жобасымен өзара іс-қимыл осы бағыттағы жұмысты күшейту керек: психологиялық қолдау, оқыту және әлеуметтік тетіктер жастардың өмірін өзгертуге ынталандыратын күшке айналады.
ReStart жобасының жетекшісі Мирует Камзина рецидивтің алдын алу жұмысы тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, сонымен бірге қоғамдық қорлар, үкіметтік емес ұйымдар және әлеуметтік сала мамандарының ортақ жауапкершілігін талап ететінін атап өтті.
«Әрбір жағдайдың артында көмекке мұқтаж адам тұр. Қоғам оның бар екенін көруі және түсінуі маңызды. Пробациядан бастап әлеуметтік орталықтарға дейінгі барлық институттардың бірлескен жұмысы ғана тұрақты нәтижеге жеткізеді. Біз прогресті көріп отырмыз, бірақ алда атқарылатын жұмыс әлі көп», — деді Камзина.
Ол 2025 жылдың қорытындысын ұсынып, келесі жылы күшейтілетін бағыттарды — отбасымен жұмыс, кәсіби бағдар беру және серіктестік желісін кеңейту қажеттілігін атап өтті.
Ресоциализациядағы қиындықтар: қоғамдық сектордың пікірі
«Әкелер ісі» қорының жетекшісі Данияр Мухамбеткалиев бостандыққа шыққан азаматтардың күрделі әлеуметтік жағдайға тап болатынын айтты.
«Бостандыққа шыққан адам бірден өзіне бөтен ортаға түседі: оны ешкім күтпейді, жұмысқа алғысы келмейді, несиесін төлеу керек, қолдау жоқ. Мұндай жағдайда бұрынғы қателіктерге қайта бой алдыру қаупі өте жоғары. Сол себепті біз пробацияда тұрған азаматтарға несиелер бойынша уақытша жеңілдік беруді ұсынамыз — бұл қайта әлеуметтену жолын айтарлықтай жеңілдетеді», — деді ол.
Оның пікірінше, мұндай шаралар әлеуметтік жағдайды жақсартып, табысты интеграцияға жол ашар еді.
Отбасының рөлі – қайта бейімделудің негізгі факторы
Жоба психологы Гүлнара Оразбаева пробациядағы жастардың реадаптациясында отбасының қатысуы шешуші рөл атқаратынын айтты.
«Қалпына келу процесі отбасының қатысынсыз мүмкін емес. Анасының, жұбайының немесе жақын туыстарының қолдауы өте маңызды. Психологиялық сессиялар тек жастарға ғана емес, олардың отбасына да бағытталуы тиіс. Жақындарының түсінігі мен қолдауы реадаптацияның тиімділігін айтарлықтай арттырады», — деді психолог.
Оның айтуынша, отбасының белсенді қолдауы – жобаның оң нәтижесін бекітетін маңызды тірек.
Брифинг қорытындысы бойынша қатысушылар пробациядағы жастарды әлеуметтік бейімдеу тиімділігін арттыру үшін серіктестікті кеңейтуге, деректер алмасуға және жаңа бастамаларды іске асыруға келісті. Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары ReStart жобасымен одан әрі жұмыс істеу үшін меморандумдарға қол қоюға дайын екенін білдірді.
Жылдық қорытынды ReStart жобасының мемлекеттік құрылымдар мен көмекке мұқтаж жастар арасында маңызды көпірге айналып келе жатқанын көрсетті. Бұл кездесу 2026 жылы жұмысты серпінді жалғастыруға, әріптестік желіні кеңейтуге және қолдау тетіктерін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
