Астана төрінде тоғысқан бағыттар: Қытай мен Орталық Азия әріптестігі жаңа кезеңге қадам басты

Астана төрінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге арналған Форум және үшінші Халықаралық коммуникациялық конференция — «Жібек жолы» өз жалауын көтерді. Маңызды жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Қытайдың делегациялары қатысты.

Бұл шара тек ресми кездесу ғана емес, елдер арасындағы көпқырлы байланыстарды жаңа белеске көтеруге бағытталған мазмұнды үнқатысу алаңы болды. Қатысушылар стратегиялық әріптестіктің мүмкіндіктерін саралап, гуманитарлық, мәдени және ақпараттық ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылады. Бұл — өзара ықпалдастықтың экономика шеңберінен шығып, терең рухани байланыстарға ұласқанын көрсетеді.

Қазақстан Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев форумның өткізілуі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған ресми сапары аясында және «Қытай – Орталық Азия» екінші форумының жалғасы ретінде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін Қытаймен достық пен сенімді серіктестік – сыртқы саясаттағы аса маңызды басымдықтардың бірі.

Форум аясында бірқатар пленарлық отырыстар мен панельдік талқылаулар ұйымдастырылды. Онда цифрлық трансформация, орнықты даму, медиа-коммуникациялар және жастар алмасуы сынды өзекті тақырыптар қамтылды.

Ерекше назарға іліккен тақырыптардың бірі — өңірлік инфрақұрылымды дамыту. Логистикалық дәліздер, «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы мен шекаралық көлік хабтарын кеңейту мәселелері – экономикалық өрлеудің қозғаушы күштері ретінде қарастырылды.

Форум соңында қатысушы елдер өзара ынтымақтастықты тереңдете түсуге, екіжақты және көпжақты форматтарда нақты жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Олар ұзақ мерзімді серіктестікті өзара сыйластық пен сенімге негізделе отырып дамытуға ерекше мән берді — бұл бүкіл өңірдің тұрақты болашағына салынған берік негіз болмақ.

Добавить комментарий