Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Туризм және спорт министрлігінің аппарат басшысы Роллан Серіков, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев жұмыс сапары барысында университетке барып, жаңа оқу жылына дайындық деңгейін тексеріп, инфрақұрылымның әзірлігімен танысты.
Сапар аясында студенттердің жайлы тұруына, білім алуына және жан-жақты дамуына арналған жаңа Студенттер үйіне ерекше назар аударылды.
Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қонақтарға Студенттер үйінің инфрақұрылымын таныстырып, жаңа оқу жылында студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Жалпы аумағы 35 785 шаршы метрді құрайтын Студенттер үйі 1 500 орынға шақталған және 626 бөлмеден тұрады. Әр бөлмеде 2–3 студенттен тұруға жағдай жасалған. Тұрғын бөлмелер жеке киім шкафтары, душ және санитарлық тораптармен жабдықталған.
Студенттердің жайлы тұруы мен оқуына қажетті жағдай жасау мақсатында ғимаратта ас үй, компьютерлік сынып, кітапхана, кір жуатын орын және лифт қарастырылған. Осылайша, Студенттер үйі білім алуға, демалуға және күнделікті өмір сүруге қолайлы толыққанды орта қалыптастырады.
«Жаңа оқу жылына дайындық тек инфрақұрылыммен өлшенбейді. Ең бастысы – білім сапасы, студенттердің жетістіктері және университеттің халықаралық деңгейде дамуы. Бүгінде KNUS – білім, ғылым, инновация және жоғары жетістіктер спортын бір арнаға тоғыстырған заманауи университет. Жаңа Студенттер үйі – студенттердің білім алуына, спортпен шұғылдануына, демалуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін осы ортаның маңызды бөлігі. Біздің мақсатымыз – әрбір студентке өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Ал мүмкіндік бар жерде нәтиже де, жеңіс те болады, – деді университет ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева.»
Сапар барысында негізгі университеттік сервистерді біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіретін My KNUS цифрлық платформасы да таныстырылды. Платформа студенттердің университетпен өзара байланысын барынша ыңғайлы әрі жедел етуге бағытталған. Ол қажетті ақпарат пен негізгі сервистерге бір цифрлық кеңістіктен қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық сервистерді дамыту және студенттерге заманауи жағдай жасау – Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа буын университеттік ортасын қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігі.
