Астана қарқынды дамып, тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келеді. Ауқымды құрылыс жұмыстары мен қала инфрақұрылымының кеңеюімен қатар, тұрғын алаптарды дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Аталған бағыттарды Астана қаласы мәслихатының №5 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Азамат Айтхожин өз жұмысының негізгі басымдықтары ретінде белгіледі.
Заманауи елорда – бұл тек сәулетті ғимараттар, кең даңғылдар мен іскерлік орталықтар ғана емес. Ең алдымен, әрбір тұрғынға өмір сүруге, еңбек етуге, бала тәрбиелеуге және болашағын жоспарлауға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған қала.
Бүгінде Промышленный, Интернациональный, Достық, Мичурино, Күйгенжар және Отау шағын ауданында тұрғын алаптарын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл аумақтардың даму әлеуеті жоғары. Инфрақұрылымды жүйелі түрде жетілдіру олардың тұрғындар үшін жайлы әрі тартымды мекенге айналуына мүмкіндік береді. Азамат Айтхожин тұрғындардың нақты қажеттіліктері мен атқарылатын жұмыстардың нәтижелеріне басымдық бере отырып, аталған аумақтардың кешенді дамуына ықпал етуді өзінің маңызды міндеттерінің бірі деп санайды.
Заманауи жолдар мен сенімді инженерлік желілер

Азамат Айтхожиннің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – Интернациональный, Мичурино және Достық тұрғын алаптарында жол құрылысын аяқтауға және инженерлік коммуникацияларды дамытуға ықпал ету. Тұрғын үйлерді тұрақты ауызсумен, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз етуге және су бұру жүйелерін дамытуға ерекше көңіл бөлінбек.
Кандидаттың мақсаты – инженерлік желілердің құрылысы аяқталғаннан кейін тұрғын үйлердің оларға нақты қосылуына қол жеткізу және халықтың сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызмет алуына жағдай жасау.
Жол құрылысы мен коммуналдық жұмыстарды өзара үйлестіру де маңызды бағыттардың бірі болмақ. Бұл қайталама жөндеу жұмыстарын азайтуға, жол жабынының сапасын арттыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру, инженерлік коммуникациялар тартылғаннан кейін жолдарды қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыруды жақсарту және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылмақ.
Әрбір тұрғын үшін қолайлы қоғамдық көлік
Көлік жүйесін дамыту – тұрғындардың күнделікті өмірінің жайлылығына тікелей әсер ететін маңызды міндеттердің бірі. Азамат Айтхожин тұрғын алаптар мен елорданың негізгі аудандары арасындағы автобус қатынасын жақсартуға ықпал етуді көздеп отыр. Әсіресе Мичурино мен Күйгенжар тұрғын алаптарына ерекше назар аударылмақ. Бұл аумақтардан білім беру мекемелеріне, медициналық ұйымдарға және жұмыс орындарына ыңғайлы қатынауды қамтамасыз ету маңызды.
Басым міндеттердің қатарында автобус бағыттарын жетілдіру, қозғалыс аралықтарын оңтайландыру, аялдамаларды жаңарту және оларға апаратын қауіпсіз жолдарды ұйымдастыру бар.
Аталған шаралардың жүзеге асуы күнделікті сапарларды жеңілдетіп, оқушылар, студенттер, еңбек ететін азаматтар, егде жастағы адамдар мен балалы ата-аналар үшін қала ішінде қатынауды қолайлы ете түспек.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жаңа мүмкіндіктер
Азамат Айтхожин әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырады.
Білім беру саласында Промышленный тұрғын алабындағы №13 және №57 мектептерге, Күйгенжардағы №42 мектепке және Мичуринодағы №43 мектеп-орталыққа ерекше көңіл бөлінбек. Нақты міндеттердің бірі – №13 мектепке салынған 600 орындық қосымша ғимараттың толық пайдалануға берілуін, оқу кабинеттерінің жабдықталуын және білім алуға қажетті жағдайлардың жасалуын бақылау.
Сонымен қатар спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелерді және қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсету көзделіп отыр.
Кандидаттың мақсаты – балалардың сапалы білім алып, өз қабілеттерін тұрғылықты жеріне жақын жерде дамытуына қолайлы жағдай жасау.
Денсаулық сақтау саласында да маңызды міндеттер тұр. Азамат Айтхожин 250 төсектік перинаталдық орталықтың құрылысын ілгерілетуге, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасын реконструкциялауға және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етуді жоспарлап отыр. Медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, білікті мамандарды тартуға және дәрігер қабылдауындағы кезектерді қысқартуға ерекше назар аударылмақ.
Абаттандырылған аулалар, жасыл аймақтар және қауіпсіз көшелер
Қолайлы қалалық орта әр тұрғынның өз ауласынан басталады. Сондықтан нақты міндеттердің бірі – Промышленный, Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар және Отау шағын ауданы тұрғын алаптарының әрқайсысында жыл сайын кемінде үш аула аумағын абаттандыруға қол жеткізу. Осылайша, жыл сайын кемінде тоғыз ауланы жаңартуға қаржы бөлінуіне ықпал ету көзделіп отыр.
Жұмыстар аясында аула жабындарын жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату, көгалдандыру, жарықтандыру және тұрғындардың демалуына қолайлы орындар жасау қарастырылады.
Мектепке баратын жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыруға және мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінбек.
Басты мақсат – заманауи, абаттандырылған және қауіпсіз қоғамдық кеңістіктердің тек Астананың орталық аудандарында ғана емес, тұрғын алаптарда да қолжетімді болуына жағдай жасау.
Жастарды, жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті қолдау
Қала инфрақұрылымының дамуы тұрғындар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктердің ашылуымен қатар жүруі тиіс.
Азамат Айтхожин жастардың кәсіптік білім алуға, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етуді көздейді.
«Жастар практикасы», JOLTAP бағдарламасы, цифрлық дағдыларды меңгеру және кәсіптік қайта даярлау бағыттарындағы бастамаларды қолдау маңызды орын алмақ. Шағын бизнес өкілдері үшін мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген қаржыландыру және консультациялық қолдау шаралары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру жоспарланып отыр. Тұрғындарға сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, жұмыс табуға, өз кәсібін дамытуға және әл-ауқатын арттыруға көмектесу.
Нақты нәтижелер және тұрғындармен ашық жұмыс
Азамат Айтхожин депутаттық қызметін ашықтық, жауапкершілік және тұрғындармен тұрақты өзара байланыс қағидаттарына негіздеуді көздеп отыр.
Тұрғындармен тұрақты көшпелі кездесулер өткізу, өтініштерді қабылдау, инфрақұрылымдық жобалардың орындалу мерзімдерін бақылау және жыл сайын көпшілік алдында есеп беру жоспарланған. Округ мәселелерін шешу үшін депутаттық сауалдар жолдау, бейінді комиссиялардың жұмысына қатысу, қалалық бюджетті талқылау, әкімдікпен және коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл жасау тетіктері пайдаланылмақ. Кандидаттың басты ұстанымы- тұрғындардың өтініштерін формалды түрде қараумен шектелмей, әрбір маңызды мәселе бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу.
Сонымен бірге құрылыс және коммуналдық жұмыстарды жүргізу атқарушы органдардың құзыретіне жататынын ескеру қажет. Сондықтан алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру келісілген шешімдерді, тиісті қаржыландыруды және жүйелі бақылауды талап етеді.
Әрбір тұрғын алаптың дамуы – Астананың болашағына қосылған үлес
Астананың одан әрі дамуына мүмкіндік беретін әлеуеті зор. Алдағы жылдары жаңа нысандар салумен қатар, бұрыннан қалыптасқан тұрғын алаптарда заманауи өмір сүру жағдайларын жасау ерекше маңызға ие болмақ.
Промышленный, Интернациональный, Достық, Мичурино, Күйгенжар және Отау шағын ауданы тұрғын алаптарын дамыту осы үдерістің маңызды бөлігіне айнала алады.
Азамат Айтхожин өзінің негізгі міндеттерін инфрақұрылымды жаңғыртумен, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырумен, аумақтарды абаттандырумен, жастарды қолдаумен және тұрғындардың мүдделерін қорғаумен байланыстырады.
Аталған бастамалардың жүйелі жүзеге асуы қалалық ортаның сапасын жақсартуға, аудандар арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықтарды азайтуға және отбасылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Азамат Айтхожиннің басты мақсаты: Астанадағы оң өзгерістердің жалпы қала көлемінде ғана емес, округтің әрбір тұрғынының күнделікті өмірінде нақты сезілуіне ықпал ету.
Елорданың болашағы нақты шешімдерден басталады: сапалы жол, сенімді ауызсу жүйесі, мектепке апаратын қауіпсіз бағыт, қолжетімді медициналық көмек және абаттандырылған аула. Дәл осындай өзгерістер заманауи, жайлы әрі өсіп-өркендеген қаланың негізін қалайды.
Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы республикалық бюджет қаражаты есебінен төледі.
Тапсырыс беруші: Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат А.Айтхожин. Дайындаған: «Qazyna Times» ақпарат агенттігі
010000, Астана қаласы, Ш. Кудайбердыулы д, № 4, 157к
Тел: +7 771 262 1830
