Астана қаласындағы AU HUB креативті кеңістігінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің қатысуымен креативті индустрияны дамытуға арналған жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында қатысушылар AU HUB алаңының қызметімен танысып, шығармашылық кәсіпкерлердің, қолөнершілердің, қоғамдық ұйымдардың, әйелдер бастамалары мен әлеуметтік жобалардың жұмысын көрді. Сонымен қатар қазақстандық брендтердің өнімдері мен креативті жобалары таныстырылды.
AU HUB негізін қалаушы, Ассоциация по связям бизнеса, общества и государства (АСБОГ) президенті Аяжан Утеуова креативті индустрияны қолдау бағытындағы бірқатар ұсыныстарын таныстырды.
Атап айтқанда, ол Қазақстандағы креаторларды, шығармашылық қауымдастықтарды, инвесторларды, білім беру ұйымдарын және мемлекеттік институттарды біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны құру идеясын ұсынды. Платформа креаторларға өз жобаларын жариялауға, серіктестер табуға, гранттар мен инвестицияларға қол жеткізуге, сондай-ақ өңірлердегі шығармашылық бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
«Бүгінгі таңда елімізде көптеген талантты адамдар мен қызықты жобалар бар. Алайда оларды біріктіретін, тәжірибе алмасуға және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін экожүйе қажет. Біз AU HUB базасында осындай платформаның пилоттық моделін әзірлеуге және оны министрлікпен бірлесіп талқылауға дайынбыз», – деді Аяжан Утеуова.
Кездесу барысында креативті экономиканы дамыту, өңірлік бастамаларды қолдау, шығармашылық өнімдерді коммерцияландыру, жаңа медиа мүмкіндіктерін пайдалану және жастар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Аяжан Утеуова Ақмола облысының креативті индустрия өкілдерін және Көкшетау қаласының бастамашыл топтарын AU HUB алаңында өз жобаларын таныстыруға шақырды. Оның айтуынша, өңірлердегі үздік тәжірибелер мен идеялар республикалық деңгейде насихатталып, қолдау табуы тиіс.
Осыған байланысты АСБОГ және AU HUB командасы 2026 жылдың маусым айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Креативті индустриялар департаментінің басшылығына, оның ішінде департамент директоры Каналимов мырзаға креативті индустрияны дамытуға арналған цифрлық платформа тұжырымдамасын және өңірлік креаторларды қолдау бойынша ұсыныстар пакетін таныстыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар креативті экономиканы дамытуға, шығармашылық кәсіпкерлерді қолдауға және өңірлік бастамаларды ілгерілетуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
Аружан Куандыкова, Qazyna Times

