Астана күннен күнге қарқынды дамып келеді. Алайда ауқымды құрылыс жобалары мен жаңа тұрғын үй кешендерінің артында қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер әлі де бар. Тұрғындар депутаттарға көбіне мектептердің қолжетімділігі, жолдардың жағдайы, инженерлік коммуникациялар, аулалардың қауіпсіздігі және қоғамдық кеңістіктердің сапасы бойынша жүгінеді. Соңғы жылдары қандай өзгерістер болғанын және қандай мәселелер әлі де өзекті екенін Астана қаласы мәслихатының №1 сайлау округі бойынша депутаттығына қайтадан кандидатурасын ұсынған Владислав Сергеевтің атқарған жұмыстарының нәтижелерінен көруге болады.
Өмірімен тығыз байланысты қала

Владислав Сергеев үшін Астана жай ғана жұмыс істейтін қала емес. Оның жастық шағы, білім алған жылдары және кәсіби қалыптасу кезеңі осы қалада өтті.
Ол педагог ана мен милиция қызметкері әкенің отбасында тәрбиеленген. Неміс гимназиясын, қазіргі №46 мектепті тәмамдап, кейін Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» мамандығын үздік бітірген. Одан соң экономика магистрі дәрежесін алып, Германияда білімін жетілдірген.
2003 жылдан бері қоғамдық-саяси қызметпен айналысып келеді. Еңбек жолын жастар ұйымын басқарудан бастап, кейін қалалық партия ұйымында басшылық қызметтер атқарған. Астана қаласы мәслихатының екі шақырылымының депутаты болып сайланып, құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі комиссияны басқарған.
Коммуналдық мәселелерден инфрақұрылымдық шешімдерге дейін
№1 сайлау округіндегі күрделі мәселелері бар аумақтардың бірі: Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы. Көптеген жыл бойы тұрғындар сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, жолдардың жағдайы және инженерлік желілерге қосылу мәселелерін көтеріп келген.
Соңғы үш жылда бұл бағытта бірқатар өзгерістер орын алды. Газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғын алабының сол жақ бөлігінде орталықтандырылған сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жүргізу, жолдар мен тротуарларды абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Ал Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабының оң жақ бөлігінде жоба бірнеше рет қайта қаралып, түзетілгеннен кейін орталық инженерлік желілердің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Қордай көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Алдағы кезеңде басқа көшелерді де инженерлік желілерге қосу жоспарланған.
«Әрбір бітелген құдық немесе тартылмай қалған құбырдың әр метрі әкімдік, коммуналдық қызметтер мен тұрғындар арасындағы ұзақ келіссөздер мен бірлескен жұмысты талап ететін мәселе. Ең бастысы – басталған істі жарты жолда қалдырмау», – Владислав Сергеев ұстанымында осылай дейді.
Мектептер, аулалар және қоғамдық кеңістіктер
Қарқынды дамып келе жатқан елорда әлеуметтік инфрақұрылымды тұрақты түрде кеңейтуді талап етеді. Бұл мәселелер Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеевтің тұрақты назарында болды. Әкімдікпен, қалалық қызметтермен және белсенді тұрғындармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде округте бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып, ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген мәселелер бойынша нақты жұмыстар басталды:
- Білім беру. Округте №102 және №116 екі жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. №53 және №72 мектептерге қосымша ғимараттар ашылып, №91 мектептің қосымша корпусының құрылысы жалғасуда. Депутаттың бастамасы мен қолдауымен Тәуелсіздік даңғылы мен А. Тоқпанов көшесінің арасындағы бұрынғы «Южный» гараж кооперативінің орнында 2000 орындық жаңа мектеп салуға дайындық басталды. Сонымен қатар М. Төлебаев көшесінде Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы мен оған іргелес аудандардың балаларына арналған жаңа Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын.
- Абаттандыру және қалалық орта. Сайлаушылардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде округтің қоғамдық кеңістіктері жаңартылды. Жергілікті қауымдастықтармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Бауыржан Момышұлы және Тәуелсіздік даңғылдарының бойында, сондай-ақ басқа шағынаудандарда 51 аула кешенді түрде абаттандырылды.
22 қоғамдық кеңістік құрылып, жаңартылды. Олардың қатарында Оңтүстік-Шығыстағы жаңа скверлер, Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Қ. Сәтбаев көшесінің қиылысындағы демалыс аймағы, «Ақ Шаңырақ» тұрғын алабындағы қоғамдық кеңістік және Президенттік саябақтың жаңартылған демалыс орындары бар. Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Шарль де Голль көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймақтары жаңғыртылды. Жалпы округ аумағында 5500-ден астам ағаш пен бұта отырғызылды.
- Қауіпсіздік және денсаулық сақтау. Қауіпсіздік мәселелері де тұрғындардың өтініштері негізінде шешіліп отырды. Депутаттық корпустың бақылауымен 1000-нан астам бейнебақылау камерасы мен 200-ден астам жарықдиодты шам орнатылды. Қоғамдық көлікті қолайлы жағдайда күту үшін 20-ға жуық жылы аялдама павильоны пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. №1 қалалық балалар ауруханасы күрделі жөндеуден өтті, Перинаталдық орталықты резервтік электрмен жабдықтау мәселесі шешілді. Сонымен қатар №6 және №13 қалалық емханаларды кезең-кезеңімен жөндеуді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Күн тәртібінде қандай мәселелер бар?
Атқарылған жұмыстарға қарамастан, округтегі бірқатар инфрақұрылымдық мәселе әлі де шешімін күтіп отыр.
Өзінің сайлауалды бағдарламасында Владислав Сергеев Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабындағы инженерлік желілер құрылысын аяқтауды, жаңа мектептер мен балабақшалар салуды, жолдар мен тротуарларды жөндеуді, сондай-ақ қолданыстағы білім беру ұйымдарын жаңғыртуды басты басымдықтардың қатарына енгізген.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің апатты жағдайдағы қасбеттерін жөндеу, көшелерді жарықтандыруды жақсарту, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету жағдайларын жақсарту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінген.
Сонымен қатар кандидат тұрғындардың ұсыныстары мен аманаттары негізінде №1 сайлау округін дамытудың Жол картасын әзірлеуді ұсынып отыр. Мұндай тәсіл аумақтың нақты проблемаларын айқындап, оларды қалалық қызметтермен бірлесіп кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік бермек.
Тұрғындармен тікелей диалог
Депутаттың жұмысы мәслихат отырыстарына қатысумен ғана шектелмейді. Оның маңызды бөлігі азаматтардың өтініштерін қарауға, жекелеген аулалар, көшелер мен шағынаудандар деңгейіндегі мәселелердің шешімін табуға бағытталған.
Соңғы үш жылда Владислав Сергеев тұрғындармен 300-ден астам кездесу өткізіп, азаматтарды 68 рет жеке қабылдаған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, құрылыс және көлік мәселелеріне қатысты 1500-ге жуық тұрғынның өтініші қаралған.
Осындай кездесулер қаланың өзекті мәселелерін ресми статистикадан тыс, тұрғындардың күнделікті өмірі арқылы көруге және бірінші кезекте шешілуі тиіс міндеттерді анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде №1 сайлау округінің алдында қарқынды дамып келе жатқан елордаға тән міндеттер тұр. Олардың қатарында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру бар.
Владислав Сергеевтің сайлауалды бағдарламасы басталған жобаларды жалғастыруға және әлі де шешімін таппаған мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған. Бұл жоспарлардың қаншалықты нәтижелі жүзеге асатынын алдағы нақты жұмыстар мен тұрғындармен өзара байланыстың тиімділігі көрсетеді.
