«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының ұйымдастыруымен Астана қаласында сайлау процесіне қатысатын тәуелсіз байқаушыларға арналған оқыту семинары өтті.
Оқыту барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес тәуелсіз байқаушылардың құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, сайлау учаскесіндегі бақылау жүргізу тәртібі, байқаушының этикасы, дауыс беру күні туындауы мүмкін жағдайларда әрекет ету алгоритмдері және заң талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.
Семинар аясында ұйымның аккредитациялық құжаттары, бағыттаушы және әдістемелік материалдары табысталып, байқаушылардың тәжірибелік дайындығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Халық үні» ұйымының атынан аккредиттелген тәуелсіз бақылаушылар сайлау барысында учаскелерде қоғамдық бақылау жүргізіп, сайлау процесінің ашықтығы, жариялылығы және әділ өтуін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатын болады.
Ұйым азаматтық қоғамның белсенді қатысуы мен заң үстемдігін басшылыққа ала отырып, сайлаудың әділ әрі сенімді өтуіне бағытталған қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды жалғастырады.
