Астанада «Отбасыға қолайлы жұмыс орны» саясаты талқыланды
Астанада ұйымдарда отбасы мен ата-ананы қолдайтын жағдайлар қалыптастыруға бағытталған «Отбасыға қолайлы жұмыс орны» саясатын енгізу бойынша жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараның бастамашылары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Senim Qogamy» қоғамдық қоры.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы еңбек кепілдіктеріне қатысты және Еңбек кодексінің нормаларын жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер болды. Қатысушылар әділ еңбек, демалысқа құқық, әлеуметтік қорғау және отбасын қолдау қағидаттарын конституциялық деңгейде бекіту жұмыс орындарында отбасыға қолайлы тәжірибелерді енгізу үшін берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.
Атап айтқанда, кездесуде Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеу нәтижелері жария етілді, оған сәйкес:
жұмыс істейтін ата-аналардың 60%-дан астамы кейде кеңседе болмау қажеттілігі туындағанда жұмыс беруші тарапынан түсінбеушілікке тап болатынын айтқан;
сауалнамаға қатысқандардың 51,1%-ы баланы қараусыз қалдырмау үшін қалдыратын мүмкіндіктің жиі жоқтығын атап өткен;
66% респондент мемлекет тарапынан жұмыс істейтін ата-аналарға жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүру үшін ұсынылып отырған қолдау шаралары (демалыстар, жәрдемақылар және т.б.) жеткіліксіз деп санайды.
Қатысушылар отбасыға қолайлы саясатты тиімді іске асыру мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтық сектордың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана мүмкін болатынын атап өтті.

